kk ru
Фотобаян Бейнебаян Виртуалды тур Виртуалды музей
Жамбыл облысы
Мәдениет, архив мекемелері

Концерттік ұйымдар

Жамбыл облыстық филармониясының тарихы

 
Облысымыздағы талаптың тұлпарына мінген өнерпаздары шындайтын, қалыптастыратын бірден-бір тәжірибе мектебі –Жамбыл облыстық филармония. Сол кездегі Жамбыл облыстық атқару комитетінің шешімімен облыстық филармония 1968 жылдың қаңтарында құрылып, жұмысын бастады. Осы  жылдың наурыз айында филармония жанынан «Қарлығаш» ансамблі ашылды. Құрамында 12 адамнан тұратын бұл ансамблге көп жылдар бойы тәжірибелі өнер шебері Асқар Тұрғымбаев жетекшілік етті. Келесі жылы филармония шығармашылық ұжымына ҚР Мәдениет Министрлігінің жолдамасымен Алматыда эстрадалық студияны тамамдаған жастар легімен толықтырылады. Бұл жастардың келуіменфилармония жұмысы ширай түсіп, «Жас-толқын» ансамблі өмірге келді. Ансамбльге Мадыханов Бекенай Зарлыханұлы жетекшілік етті. Бұл ансамбль 1969 жылдары Республика,шет мемлекеттерде үлкен гастрольдік концерттерге шығып, жұртшылыққа кеңінен танылған.
Филармонияда үздік қызметімен ерекшеленген Өсербаева Гүлжахан, Молдақынов Тәкен  «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болды. 1975-1988 жылдары Кенжеғали Тәшкенов, Қуаныш  Ержанов , Асқар Тұрғынбаевтар секілді өнерпаздар Республикалық байқауларда лауреат атанып, облыс мерейін биіктетті. Сондай-ақ «Огонек», «Тараз» ансамбльдері де жемісті еңбек етті.
1988-жылы құрылған «Айша-бибі» фольклорлық би ансамблінің алған белесі өз алдына бір төбе. Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Байдаулет Сазабеков жетекшілік еткен бұл ансамбль 1997 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде лауреат атанды.
1970 жылдардан бері облыстың түкпір-түкпірінен келетін таланттардың табан тірер жері облыстық филармония мекемесі.
Ең алғашқы филармония басшылары: Шапошников Константин, Жомартов Нұрғазы, Пак Вадим Феодорович болса, солардан кейін филармония тізгінін 11 жыл бойы елімізге белгілі әнші, композитор, жерлесіміз ҚР халық әртісі Қоразбаев Алтынбек, Түктібаев Сейітқасым Шерімұлы, Сәуле Стаханшылқызы Жанпейісова, 2014 жылдың тамызынан бастап қайта Түктібаев Сейітқасым Шерімұлы басшылық етуде.
Өнер ұжымында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Асылхан Мәдіханұлы Шүңіреков, Мұхтарбай Рахманқұлов, ҚР Мәдениет қайраткерлері: Рәзия Арғынқызы Мәдіханова, Анна Александрқызы Вундер, Ержан Қоджабергенұлы Рысметов, ҚР Мәдениет саласының үздіктері: Бахыт Кисатайұлы Шағырбаев, Оңал Бұхаралықызы Азаматова, Маралбек Тұрсынбайұлы Бабақұлов, Назима Әбдікәдірқызы Үсенова, Жанатбек Сапарбайұлы Кәдіров, сонымен қатар тәжірбиелі әншілеріміз Жандос Әскербекұлы Омаров, Торғын Орынбаева, Ғани Әзіретұлы Мәтебаев, Мадина Жақсылыққызы Сағынбекова, ағайынды «Сұлужан мен Марғұлан» дуэті және т.б.
1991 жылдары өнер мекемесінде 62 қызметкер еңбек етсе, 2000жылдары 80, қазіргі уақытта ұжымда 210 қызметкер жұмыс істейді, шығармашылық әртістер құрамы 149.
Қазақстан Республикасының Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ілгерілету мақсатында, «Мәдениет туралы» және «Жастар саясаты» туралы Заңдарын, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының даму стратегиясын басшылыққа ала отырып, саяси, мәдени-көпшілік жұмыстар атқарып отырған кәсіпорында: Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Тараз», «Иірім», «Алатау», «Мерей», «Брайс»  топтары, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Ақкербез» ұлттық би ансамблі, «Сымбат» спорттық – балдық би тобы, «Балауса» циркі кәсіби деңгейде шығармашылықпен айналысуда.
2002-ші жылы Халықаралық «ЮНЕСКО» көлемінде тойланған Тараз қаласының 2000-жылдың мерейтойы қарсаңында «Баласағұн» орталық концерт залы толық күрделі жөндеуден өтті. Концерт залы, сахна бұйымдары  жаңаланып, тұрақты музыка аппартуралары мен жаңа жарықпен көркемдеу құралдары орнатылды.
«Баласағұн» орталық концерт залында 924 көрермен орны бар. Сондай-ақ, өнер ұжымдарының дайындық жүргізу бөлмелері талапқа сай жабдықталған.  Әртіс бөлмелеріне  жиһаздар қойылып, құрметті қонақтар үшін «VIP» зал ашылды.
2017 жылдың 20 сәуірден 20 тамыз аралығында «Баласағұн» орталық концерт залы күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу барысында келесідей жұмыстар атқарылды: ғимараттың сыртқы бейнесі толықтай өзгертіліп, алюкабонд каптамасы ұлттық нақыштағы фибра бетонға ауыстырылды, баспалдақтар мен кіреберіс алаңының тас төсеніші ауысты, көлік тұрағы мен ғимарат тратуарына жаңадан асвальт төселіп жол жиектер ауысты, ғимарат пандусының төсеніші ауысып сүйеніші ауыстырылды, кіреберіс алаңда орындықтар саны артты, ғимарат маңдайшасындағы «Баласағұн»  жазуы жаңартылып қосымша «Жамбыл облыстық филармониясы» деген түнгі уақытта жарықтанып тұратын жазу ілінді, ғимарат шатырының төсеніші жөнделді.
Сонымен қатар, концерттік залда партер және балкон еден төсеніштері ауысып, 949 орындық көк түске қапталды. Ғимараттың екінші және үшінші қабатында орналасқан би залдары жөндеуден өтті. Екінші қабаттағы фойе паркеті сырланды.  Кіреберіс және 3 қабат бөлмелерінің есіктері ауыстырылды. Жасалған жұмыстардың жалпы құны 303 632 000 (үш жүз үш миллион алты жүз отыз екі мың) теңгені құрады.     
         Филармонияның негізгі жұмыс істеу мақсат-міндеттері:
  • Тұрғындардың эстетикалық танымын дамыту және филармониялық концерттерге тарту ісінде жаңа бағыттар қарастыру;
  • Көрермендер қызығушылығын ынталандыру бойынша шаралар қолдану және дайындау, брошюралар, буклеттер, аннотацияларымен ақпараттық қағаздар шығару, концерттер ұйымдастыру және талдау, артистер мен көрермендердің қатысуымен пікірталастар өткізу;
Өнер ұжымы халықтың музыкалық шығармашылығы негізінде жас ұрпақты адамгершілік рухта, эстетикалық сезімге тәрбиелеуде танымдық концерттерді, жастарға арналған думанды бағдарламаларды ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Өнер ұжымы алдағы уақытта да халыққа шынайы өнерін ұсына бермек.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын мақтанышпен ұлықтау, Ұлы даламыздың биік мәртебесін үстем ету мақсатында Жамбыл облыстық филармониясы Астана қаласында Жамбыл облысының мәдениет күндері аясында «Ұлы дала – Ұлысым!» атты мерекелік концертін 24 қыркүйекте Бейбітшілік және келісім сарайында астаналықтар мен қала қонақтарына Тәуелсіздік жылдарындағы шығармашылық жетістіктерін насихаттай отырып, Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Ақкербез» ұлттық би ансамблі, «Тараз» триосы және тағы басқа эстрада әншілері өнер көрсетті.
Аталған концерттік бағдарлама театрландырылған көрініспен ашылды. Көріністе Қазақ хандығының туы тігілген өлкенің хандары Керей мен Жәнібектің, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, ақын-композитор Кенен Әзірбаевтың, батыр Бауыржан Момышұлының бейнелері сомдалып, экраннан Елбасының Таразға келген іс-сапарындағы халықпен кездесуі көрсетілді.
Ал қарашаның 4-де «Баласағұн» ОКЗ –да өткен «Ұлы дала – Ұлысым!» атты концертте Астанада өткен бағдарлама арнайы Тараз жұртшылығына тарту етілді. Атаулы кеште өнер ұжымы көрермендердің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.
Сондай – ақ облыстық филармонияның Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік таңдары» атты танымдық – акция концерттері қараша айында қаламыздың «ҚАЗФОСФАТ», «2535 – Әскери бөлімі», «Ішкі істер департаменті» сынды ірі мекемелерінде және  жоғары оқу орындарында тегін концерттер берумен  жалғасын тауып келеді. Бұл жоба -филармонияның Тәуелсіздікке тартуы.
Алдағы уақытта өнер ұжымы Алматы, Талдықорған, Түркістан қалаларына өнер іссапарларымен баруды жоспарлап отыр.       

ҚАЗАҚ ҰЛТ АСПАПТАР ОРКЕСТРІ

 
Өңіріміздің ұлтттық өнерінің жанашыры ретінде ел ішіндегі өнерпаздардың өсуіне қолдау танытып, халқымыздың бай қазынасы – дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында 2011 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облысының әкімінің қолдауымен Жамбыл облыстық филармониясы жанынан Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі құрылды.
 Оркестр 2012 жылдың 18 қазанда Тараз қаласында бір жылдық мерей тойы аталып өтті. Айтулы мерекеде КСРО және ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының Қазақ Халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали  Жайымов, сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстық филармонияларының бас дирижерлары Есіркеп Жолдасов, Орақ Жауыров және т.б. өнер көрсетті.
Оркестрдің құрамында 50 кәсіби музыкант қызмет жасайды.
Оркестрдің бас дирижеры Адай Жұмат, дирижеры ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұқтар Рахманқұлов.
Оркестрдің бірқатар домбырашылары өнер табыстары үшін ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Оркестр құрылғаннан бергі бір жыл ішінде Астанада өткен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік шарада өнер көрсетіп айтулы шараға өз үлесін қосты. Елбасы Н.Назарбаевтың Жамбыл облысына келген ресми сапарында салтанатты жиында өнер көрсетіп, Елбасының ризашылығына бөленді.
Бұл шығармашылық ұжым облыс көлемінде ұйымдастырылып жүрген мәдени-саяси іс-шараларда, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерей тойында өнер көрсетті. Комозитор ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаевтың 75 жасқа толған мерейтойында мерейтой иесінің шығармаларын жоғары деңгейде орындап, үнтаспаға басып шығаруға еңбек етті. «Бабалар сазы», «Бабадан қалған күмбір күй», мектеп оқушыларына арналған «Танымдық концерттер», Халық музыкасының кештерін қала, облыс аудан орталықтарында қойып, халықтың ризашылығына бөленді.
Оркестр Алматы қаласының Орталық концерт залында «Елден сәлем» атты концертін беріп, «Мәдениет» арнасына бейнетүсірілімге түсті.
2014 жылдың 1 сәуірінде,  2015 жылдың 14 маусымында Алматы қаласы «Хабар» агенттігінің жанынан ашылған «Білім және Мәдениет» телеарнасында дәстүрлі өнердің даралығын танытар «Ғасырлар пернесі» бағдарламасында концерттік бағдарламаларын түсірген.
2017 жылы 26 шілдеде «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне» орай амфитеатр сахнасында Жамбыл облысының күндері шеңберінде «Әулие-ата әуендері», 28 шілдеде «Қазанат» қалалық ипподром аумағындағы Этно ауылда «Күй керуені» атты концертін берді.
Оркестрдің өнер сапарлары Астана, Шымкент және шет мемлекеттерге баруға жоспарланып отыр.
Оркестрдің орындауындағы Жамбыл өңірі мен танымал қазақ  композиторларының күйлер үнтаспаға басылып, халыққа кеңінен насихатталуда.
 
 

«АЛАТАУ» ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІ

 
Өңіріміздің ұлтттық өнерінің жанашыры ретінде ел ішіндегі өнерпаздардың өсуіне қолдау танытып, халқымыздың бай қазынасы – дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында 2012 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облыстық филармониясынан «Алатау» фольклорлық ансамблі қайта құрылды. Бұл ансамбль 1970 жылы құрылған «Алатау» жастар ән-би ансамблінің ізін жалғастыра отырып, «Алатау» есімін қайта иеленді.
Ансамбльдің жетекшісі Халықаралық, Республикалық конкурстардың лауреаты Дастан Көреген.
Ансамбльдің құрамындағы артистер Халықаралық, Республикалық конкурстардың лауреаттары.
Ансамбль саз сырнай, сыбызғы, жетіген, қыл қобыз, домбыра, шертер т.б. қазақтың көне аспаптарымен халықтың күйлері мен әндерін жоғары деңгейде насихаттап, көрермен ықыласына бөленіп жүр.
 «Бабалар сазы», «Бабадан қалған күмбір күй», «Тараз – ғасырлар куәсі», «Әулиеата сазы» т.б. халық музыкасының кештерін, концерттік бағдарламаларын республика, қала, облыс аудан орталықтарында ұйымдастырды.
Алматы қаласының Орталық концерт залында «Елден сәлем» атты концертте өнер көрестті. Өнер сапарларымен Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Түркістан, Орал, Ақтөбе және т.б.қалаларда болды.
2012 жылы Қырғыз Республикасының Талас қаласына өнер сапарымен барып, қазақ халқының ұлттық музыкасын насихаттап қайтты.
Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2013 жылдың 8-18 маусымы аралығында Варшава қаласында өткен Жамбыл облысының «Менің Жібек жолым саған» атты мәдени күндріне қатысты.
2013 жылы Елордамыз-Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына орай І-ші Халықаралық «Қаратау сарыны» атты дәстүрлі музыка фестивалінде, 2014 жылы ІІ-ші Халықаралық «Қаратау сарыны – 2014» атты дәстүрлі музыка фестивалінде өнер көрсетіп, Алғыс хатпен марапатталды.
2013 жылы Түркияның Самсун қаласында TÜRKSOY және Самсун әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен Халықаралық өнер фестиваліне қатысып, марапатталды.
2014 жылы,  2015 жылыАлматы қаласы «Хабар» агенттігінің жанынан ашылған «Білім және Мәдениет» телеарнасында дәстүрлі өнердің даралығын танытар «Ғасырлар пернесі» бағдарламасында концерттік бағдарламаларын ұсынды.
2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Алатау» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Қазақ елі» атты күйлер мен әндерінің CD жинағы жарық көрді.
2017 жылы 28 шілдеде «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне» орай Жамбыл облысының күндері шеңберінде «Қазанат» қалалық ипподром аумағындағы Этно ауылда «Алатау сазы» атты концерт берді.
2017 жылдың 3-7 қараша аралығында Астана қаласында өткен ХХ «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысып, дипломант атанды.
 

«АҚ КЕРБЕЗ» БИ АНСАМБЛІ

 
Жамбыл облыстық филармониясының «Ақ кербез» би ансамблі 2012 жылдың ақпан айында құрылған. Би ұжымының негізгі құрамы 16 адам. Балетмейстер Айжан Қонарбаева.
Ансамбдьдің жетістіктері:
  1. VIIІ облыстық жастар Дельфийлік ойындарының «Халық биі» аталымы бойынша ІІІ орын иегері (18 мамыр, 2012 жыл);
  2. «Қазақстан» ұлттық арнасында өткен «Наурыз-думан» мерекелік телебағдарлаға қатысып, өнер көрсетті (2012 жыл);
  3. Республикалық «Бұраң бел» би байқауының ІІІ орын иегері (26 сәуір, 2013 жыл);
  4. ІХ облыстық жастар Дельфийлік ойындарының «Халық биі» аталымы бойынша І орын иегері (14 маусым, 2013 жыл);
  5. Астана қаласында өткен «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауына қатысып, жеңімпаз атанды (3-4-5-6 қараша, 2013 жыл);
  6. Астана қаласының әкімдігінің және «Наз» мемлекеттік би театрының қолдауымен «Баян-Сұлу» Шоу балет студиясы балалар мен жасөспірімдер арасында жастардың шығармашылық қарым-қатынасына мүмкіндік беру, кәсіби шеберлігін дамыту және шығармашылықты насихаттау мақсатында екінші Республикалық өнер конкурсының Гран-при иегері (4-8 ақпан, 2015 жыл);
  7. Алматы қаласы «Хабар» агенттігінің жанынан ашылған «Білім және Мәдениет» телеарнасында дәстүрлі өнердің даралығын танытар «Ғасырлар пернесі» бағдарламасына «Ақкербез» бишілер ансамблі концерттік бағдарламасымен бейнетаспаға түсті (1 сәуір, 2014 жыл);
  8. Шымкент, Түркістан, Кентау, Астана, Алматы, Талдықорған, Ақтөбе, Орал қалаларында, Қырғыз Республикасы Талас қаласында гастрольдік концерттерге қатысты;
  9. 2015 жылдың 7 сәуірінде «Баласағұн» орталық концерт залында «Би маржандары» атты алғашқы есептік кешін өткізді, қазіргі таңда қала, облыс көлемінде өтіп жүрген түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысып келеді.
        
        

«ТАРАЗ» ТРИОСЫ

«Тараз» триосы 1973 жылғы Жамбыл облыстық «Алатау» халықтық-жастар эстрадалық ансамблінің құрамында құрылған. Алғашқы кезде Жамбылдық домбырашы-әншілер триосы болып аталды. Репертуарында негізінен халық әндері, халық композиторларының әндері, жергілікті және республика көлеміндегі сазгерлердің әндері бар.
         Қазақ өнерін басқа да жұртшылыққа таныстыруда қосқан үлесі мол. Республикалық «Жігер – жастар» фестивалінің лауреаты. Екі мәрте Москвада өткен Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде өнер көрсетіп, Алғыс хатпен марапатталды. Москвада өткен Бүкілодақтық «Жолдас ән» фестивалінің, Республикалық халық творчествосы телевизиялық конкурсының, Кенен Әзірбаев атындағы Республикалық «Шырқа даусым» ән конкурсының (2013 ж), «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның ұйымдастыруымен Отандық және алыс-жақын шет елдегі әншілердің қатысуымен өткен Халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің лауреаты (2012 ж)
2005 жылы Ата-заңымыздың 10 жылдығына байланысты, Туркияның сегіз қаласын аралап концерт беріп қайтты.
Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына байланысты «Тараз» триосы болып аты өзгеріп, құрамы жаңарды.
Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында Варшава қаласында өткен «Менің Жібек жолым саған» өнер іс-сапарына қатысты.
2016 жылдың 19-29 наурыз аралығында ТҮРКСОЙ бас хатшылығының ұйымдастыруымен Түркияда өткен Наурыз мерекесіне арналған мәдени іс-шарада «Тараз» триосы қатысып, өнер көрсетті.
  «Тараз» триосының әншісі А.Шүңіреков 2012 жылы «Қазақстанның енбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді.   
Қазір трио мүшелері:
Асылхан Шүңіреков – домбырашы
Ержан Ыдырысов – сырнайшы
Ноян Сейділдаев – домбырашы шертерде өнер көрсетеді.

 «БАЛАУСА» ЦИРК ҰЖЫМЫ

«Балауса» цирк ұжымы Жамбыл облыстық филармониясына 2012 жылдың қаңтар айында «Алатау» ән-би жастар ансамблінен ауысты. «Балауса» цирк ұжымының жетекшісі халықаралық конкурстардың лауреаты Талғат Альчикенов.
Цирк ұжымы сахнаға Қазақстан Республикасында тұңғыш болып «Дала еркелері», «Арқанмен секіру ойыны», «Ақтолқын» үйретілген көгершіндер, «Икариика ойыны», «Буынсыз дене» нөмерлерін алғаш болып шығарған.
Жетістіктері: 2004 жылы Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Дала еркелері» А.Демяненко атындағы арнайы аталымы бойынша «Ақтолқын» ІІ орын, «Буынсыз дене»  ІІІ орынды иеленген.
2004 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Үздік жаттықтырушы» дипломымен марапатталған. 2006 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Буынсыз дене» Б.Жұмағұлов атындағы орынды иеленген. «Жонглер» тобы ІІ орын, «Ақтолқын» І орынды иеленген.
2008 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Буынсыз дене» аталымы бойынша І орынды иеленді.
2008 жылы Қытай Республикасында өткен цирк фестивалінде ІІІ орын «Қола» меділін иеленген.
2010 жылы Арменияда өткен цирк фестивалінде «Буынсыз дене» І орын «Алтын медальді» иеленген.
2012 жылы Астана қаласында өткен «Дельфилік ойындар» конкурсында «Қола медаль» иегері, «Қазақстан» ұлттық арнасында өткен «Жұлдызды сәт» телебайқауының жеңімпазы (2012). «Хабар» арнасында өткен Республикалық «Аймақтар аламаны» тележобасының лауреаты (2012).
Өнер сапарларымен Шымкент, Түркістан, Кентау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Тараз қалалары мен облыс елді-мекендерінде болып,«Таңғажайып әлем», «Қиял әлемі» атты шоу концерттер беріп, ел ықыласына бөленіп келеді.
2015 жылдың 13-21 маусым аралығында Ақтөбе қаласында өткен шығармашылық жастарды қолдау, ұжымдар арасында тәжірибе алмасу мақсатында «Әлия гүлі» VI Халықаралық шығармашыл балалар мен жасөспірімдер фестиваліне қатысып, «Үздік ұжым» номинациясымен дипломмен марапатталды.
2017 жылы 3-7 қараша аралығында Астана қаласында өткен ХХ «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне икарикалық ойындарда Нұрбол Байтөлеев, Нұрай Жақсылықова,  Шадияр Жақсылық қатысып дипломант атанды.

«КӘУСАР» ВОКАЛДЫҚ АНСАМБЛІ

2014 жылдың басында Облыс өнерлі жастарын қолдау, бос уақыттарын тиімді өткізу, музыкалық сауаттарын арттыру, орындаушылық шеберліктерін қалыптастыру мақсатында Жамбыл облыстық филармониясы жанынан «Кәусар» вокалдық ансамблі құрылды. Дирижеры: Дидар Игіліков. Құрамында 16 музыкант бар.
Вокалдық ансамбльдің кәсіби өсуіне және репертуар жинақтауына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Вокал және дирижерлау» факультетінің деканы Ғалымжан Берекешев арнайы шақыртылды. Ұжымның кәсіби қалыптасуы үшін мастер-класс өткізіп келеді.
Ансамбль Алматы, Талдықорған, Астана, Шымкент, Тараз қалаларында өткен концерттерде өнер көрсетіп, ел ықыласына бөленіп үлгерді.
Қазіргі уақытта ансамбльдің репертуарында 20-дан аса достық, бейбітшілік, патриоттық әндер мен халық және шетелдік композиторлардың әндері бар.
2016 жылдың мамыр айының 24-25 жұлдызы күндері өткен ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынбек Қоразбаев атындағы ІІ халықаралық «Ән жырым саған – туған ел!» атты ән конкурсына қатысып, І орынды иеленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы30-ЛЕТИЕ НЕЗАВИСИМОСТИ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН30-ЛЕТИЕ НЕЗАВИСИМОСТИ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАНanticorБЖЗҚQazlatynҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ -  ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ РЕСМИ САЙТЫМемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзіСайт президентаРухани Жаңғыру